Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің «Маркетинг» білім беру бағдарламасының студенттері V Халықаралық «USkills-up Marketing Battle» маркетинг турнирінде III орын иеленді.
Турнирге түрлі жоғары оқу орындарының студенттік командалары қатысты. Байқау Қазақстан Маркетинг Ассоциациясы мен «Тұран» университетінің Маркетинг және логистика жоғары мектебінің бірлескен ұйымдастыруымен өтті.
Байқау кезеңдерінің қорытындысы бойынша МК-23-2 тобының 3-курс студенттері Ефимова Ксения мен Кожекпаева Калкажан финалға жолдама алды. Қорытынды «Stand Up Battle» кезеңінде команда өз жобасын сәтті қорғап, маркетинг саласындағы кәсіби дайындықтарының жоғары деңгейін, креативтілігі мен практикалық дағдыларын көрсетті.
Команданың ғылыми жетекшілері – экономика ғылымдарының докторы, профессор Накипова Г.Н. және экономика ғылымдарының магистрі Жапашов А.У.
Бұл жетістік Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің 60 жылдығына арналған іс-шаралар аясындағы маңызды нәтиже болып, университет студенттерінің жоғары деңгейдегі даярлығын тағы да дәлелдеді.
2026 жылғы 3 наурызда университетіміздің 60 жылдығына орай «Маркетинг трендтері 2026» тақырыбында қонақ дәрісі өтті. Дәрісті маркетингтік агенттік директоры Анна Митина жүргізді. Кездесу барысында заманауи digital-құралдар, жасанды интеллекттің маркетингке ықпалы және бизнес тарапынан қойылатын жаңа талаптар талқыланды.
Аталған іс-шараға «Маркетинг» және «Логистика» білім беру бағдарламаларының студенттері, оқытушылар және жас ғалымдар қатысты. Дәріс университеттің мерейтойлық іс-шаралары аясында ұйымдастырылып, теория мен тәжірибені ұштастыруға бағытталды. Спикер 2026 жылғы маркетинг саласындағы негізгі трендтерге тоқталып, цифрлық ортаның өзгеруі, маркетингтік процестердің автоматтандырылуы және брендтерді ілгерілетуде жасанды интеллектті қолдану мәселелерін жан-жақты қарастырды. Сонымен қатар тұтынушылар мінез-құлқының өзгеруі мен деректерді талдаудың маңыздылығы атап өтілді.
Талқылау барысында:
жаңа digital-құралдар;
маркетингтегі жасанды интеллекттің рөлі;
тұтынушылар сұранысының трансформациясы;
2026 жылы жұмыс берушілер талап ететін құзыреттер қарастырылды.
Студенттер белсенді пікір алмасып, нақты кейстерді талдап, кәсіби дамуға қатысты практикалық ұсыныстар алды.
Мұндай іс-шаралар университеттің білім беру сапасын арттыруға және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған стратегиялық қадамдардың бірі болып табылады.
Оқу орнының қабырғасында Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің 60 жылдығы аясында және Erasmus+ Jean Monnet №101127488 «Тұрақты дамудың заманауи экотехнологиялары: Еуропалық Одақ пен Қазақстан тәжірибесі» халықаралық жобасын іске асыру шеңберінде «Экотехнологиялық трансформация: ақылды қалалардан өнеркәсіптік декарбонизацияға дейін – ЕО мен ҚР тәжірибесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қалалық инфрақұрылым мен өнеркәсіптік жүйелерді трансформациялаудың инновациялық тәсілдерін талқылау, Еуропалық Одақ пен Қазақстанның үздік тәжірибелерін саралау, «ақылды» технологияларды енгізу арқылы өңір экономикасындағы көміртегі жүктемесін төмендету жолдарын айқындау болды.
Дөңгелек үстел барысында экотехнологиялық трансформация, Smart City (ақылды қала) тұжырымдамасы, энергоменеджмент, көміртекті реттеу, парниктік газдар шығарындыларын мониторингтеу, төмен көміртекті даму стратегиялары, сондай-ақ өнеркәсіп саласын декарбонизациялау тетіктері кеңінен талқыланды.
2026 жылдың 25 ақпанында біздің университетте Қарағанды облысы білім басқармасының «Сарыарқа дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған орта оқу орындарының 10-11 сынып оқушылары арасында информатика пәнінен облыстық олимпиада өтті.
Олимпиадаға облыстың 20-дан астам мектебі қатысты, қатысушылардың жалпы саны 148 оқушыны құрады.
2026 жылғы 21 ақпанда университетіміздің «Сот және құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламасының СПД 22-2 тобының студенті Ерлан Ундасинов киокушинкай каратэ бойынша Қазақстан Республикасы чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, жоғары бәсекелестік жағдайында университет намысын лайықты қорғап, құрметті 2-орынды иеленді. Бұған дейін облыс чемпионатында спортшы сенімді түрде 1-орын алып, жоғары дайындық деңгейін, шеберлігі мен мақсаткерлігін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша ол дипломмен, кубокпен және медальмен марапатталды. Жоғары нәтижелер студенттің жүйелі еңбегі, тәртіптілігі мен табандылығының заңды жемісі болды. Көрсеткен нәтижелері бойынша Ерлан қайтадан Қазақстан Республикасы құрамасының қатарына енгізілді. Спортшының келесі маңызды кезеңі – Индонезияда өтетін Азия чемпионатына қатысу. Бұл – студент үшін де, университет үшін де маңызды жетістік. Университет Ерлан Ундасиновты жоғары спорттық жетістіктерімен құттықтайды және оның табыстарын мақтан тұтады! Студентті жаңа жеңістерге жетелеуде қолдау көрсетіп жүрген жаттықтырушыларға, тәлімгерлерге және барлық жанашырларға шынайы алғысымызды білдіреміз.