Университет өкілдері этносаралық келісім мәселелері бойынша өткен дөңгелек үстелге қатысты.
Ағымдағы жылдың 6 ақпанында Қарағанды облысының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының бастамасымен «Этносаралық келісімді нығайтудағы Халық кеңесінің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара барысында конституциялық реформалар жағдайындағы қоғамдық құрылымдардың институционалдық дамуы, Халық кеңесінің қоғамдық диалогтың тиімді алаңы ретіндегі маңызы, сондай-ақ азаматтардың пікірін ескеру және оларды шешім қабылдау үдерістеріне тарту тетіктері талқыланды. Қатысушылар Халық кеңесінің қоғам мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтуға және қоғамдық келісімнің орнықты моделін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің Әлеуметтік-саяси пәндер және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының өкілдері қатысты. Философия ғылымдарының кандидаты, доцент С.К. Егізбаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қазіргі қоғамдағы рөлі зор екенін атап өтіп, оның алдағы трансформациясы мен жүйелі дамуы этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға, диалог мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар іс-шараға кафедраның аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Д.М. Умбетов қатысты.
Диалог, келісім және өзара құрмет — қазақстандық қоғамның орнықты дамуының негізгі құндылықтары.





