«Баршаның назарына!» дабылы бойынша халықтың іс-әрекеті
Қазақстан Республикасының әрбір азаматы төтенше жағдайлар болғанда не қауіп-қатер төнгенде халықтың назарын аудару үшін берілетін «Баршаның назарына!» құлақтандыру сигналы бойынша орындалатын іс-қимыл тәртібін білуі және орындауы тиіс.
«Баршаның назарына!» дабылы соғылғанда халық теледидарларды, радионы және ақпарат қабылдаудың басқа да құралдарын іске қосып, беріліп жатқан ақпаратты мұқият тыңдап, іс-әрекет тәртібі мен жүріс-тұрыс ережелері жөніндегі талаптарды орындауға міндетті. Таратылатын ақпарат түрлі сипатта: химиялық қауіпті объектідегі немесе теміржол көлігіндегі апат, химиялық, радиоактивті зақымдану, табиғаттың дүлей апаты, әуе қауіп-қатерлері және адам өміріне қауіп тигізетін басқа да төтенше жағдайлар, адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, болуы мүмкін әуе қаупі мен басқа да төтенше жағдайлар туралы, сондай-ақ халықтың осы төтенше жағдайлардағы іс-әрекеті жайында болуы мүмкін.
Сөйлеу арқылы құлақтандырылатын ақпарат мәтіні қазақ және орыс тілінде беріледі.
Алыс қашықтықта орналасқандықтан сирена дыбысы естілмейтін және орталық радиохабардың дауыс зорайтқышы жоқ жерлерге «Баршаның назарына!» дабылы мен сөйлеу арқылы берілетін ақпарат дабыл тарататын қондырғымен жабдықталған арнайы көліктер арқылы таратылады. Туысқандарыңыз, достарыңыз бен көршілеріңіз естімей қалуы мүмкін, сондықтан да оларға хабарлаңыздар. Кез-келген үрей мен қаңқу сөзді болдырмауды қадағалаңыздар!
АҚ штабының бастығы Н. Алимкулов