Университетте заң, тәртіп және цифрлық гигиена мәселелері талқыланды
2026 жылғы 6 ақпанда Қарағанды Қазтұтынуодағы университетінде «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге арналған іс-шара өтті. Іс-шараға құрметті қонақтар ретінде Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Е.А. Джубанов, сондай-ақ Қарағанды облысы Полиция департаментінің киберполициясы мен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысты.
Студенттер мен профессор-оқытушылар құрамымен өткен кездесуде университет ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Е.Б. Аймагамбетов Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаевтың Жолдауында белгіленген басым бағыттарға тоқталып, қоғамда «Заң және тәртіп» идеологиясын орнықтырудың, сондай-ақ қаржылық сауаттылық пен цифрлық гигиенаны дамытудың маңыздылығын атап өтті. Аталған мәселелердің елдің конституциялық дамуы жағдайында ерекше өзектілікке ие екені айтылып, университетте Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар таныстырылды.
Қарағанды облысы прокурорының орынбасары өз сөзінде студенттерге Қазақстанның болашағы ретінде үн қатып, цифрландырудың артықшылықтары мен тәуекелдері, сондай-ақ қылмыстық мақсатта цифрлық технологияларды пайдалану тәсілдері туралы баяндады. Ол білім алушылар мен оқытушыларды цифрлық сауаттылықты арттыруға және құқықбұзушылықтардың алдын алуға шақырды.
Полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасы мен киберполиция қызметкерлері практикалық сабақтар өткізіп, интернет-алаяқтардан қорғану жолдарын көрсетті, «дроперлер» ұғымын түсіндіріп, мұндай әрекеттер үшін көзделген жауапкершілік туралы ақпарат берді. Сонымен қатар интерактивті конкурстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.
Іс-шара жастардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға және университет пен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етті.





