Университет активінің жиналысы: ҚР Президенті Жолдауындағы міндеттерді іске асыру
Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды ауқымды цифрлық трансформация арқылы шешу жолдары» атты Жолдауын талқылауға арналған университет активінің жиналысы өтті.
Жиналысқа университет басшылығы, профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттер қатысты.
Университет ректоры Мемлекет басшысының Жолдауы жаңа жағдайдағы стратегиялық бағдар екенін атап өтті:
«Президент мемлекеттік саясаттың орталығында адам, оның құқықтары мен әл-ауқаты тұратынын нақты атап өтті. Қазақстан орнықты, бәсекеге қабілетті және жоғары технологиялық мемлекетке айналуы тиіс», – деді ректор.
Сонымен қатар ректор цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударып, университет жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған міндеттерді жүзеге асыруға белсенді түрде қатысатынын, жаңа буын мамандарын даярлау, инновациялық шешімдерді енгізу және бизнес пен ғылыми орталықтармен бірлескен жобаларды дамыту арқылы үлес қосатынын айтты.
Жиналыс қорытындысы бойынша Жолдауды іске асыру шараларын университеттің жоспарларына енгізу, ІТ-компаниялар мен ғылыми орталықтармен ынтымақтастықты жандандыру, сондай-ақ «AI SANA» жобасымен және «Террикон жазығы» экожүйесімен әріптестікті дамыту туралы шешім қабылданды.





